Төрт азаматтың мәтіні бірдей өтініші қаралмайды – ОСК

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда сайлау алдындағы үгіт кезеңінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы туралы өткен онлайн отырыста ҚР ОСК мүшесі Ерлан Дауылбаев баяндап берді.

Оның айтуынша, заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау, сондай-ақ сайлау заңнамасын түсіндіру тәртібі туралы мәселе ОСК-ның отырысына 2 рет, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну, партиялық тізімдерді тіркеу кезеңдерінің аяқталуы бойынша осы жылы 26 қарашада және 10 желтоқсанда енгізілді. 

ОСК мүшесі жұртшылыққа ақпарат таратудың қалыптасқан практикасы бойынша және жылдың аяқталуын ескере отырып ОСК-ға сайлауалды үгіт кезеңінде келіп түскен өтініштермен таныстырды.

Осы жылдың 10 және 28 желтоқсандағы аралығында ОСК-ға 29 өтініш келіп түсті. Оның 12-сі заңды тұлғалардан, 3-еуі БАҚ-тан және 14-і жеке тұлғалардан. Өтініштер «Қазпошта» АҚ, Электронды үкімет порталы, Ортсайлауком электронды поштасы арқылы келіп түсті. Өтініштерді сипаты бойынша бөлуге болады. Яғни 76% (22 өтініш) сайлау заңнамасын түсіндіру туралы, 7% сайлау процесін ұйымдастыру бойынша ақпарат ұсыну туралы, 17% өтініштер. Көрсетілген кезеңде келіп түскен 29 өтініштің 12-сі Ортсайлауком аппараты өтініш берушілерге белгіленген мерзімде толық жауап берді. 5 өтініш заңнамаға сәйкес қараусыз қалдырылды. Себебі олардың ішінде азаматтардың 4 өтінішінде мәселелердің мәні баяндалмаған. Бүгінгі күні 12 өтініш қаралып жатыр. Орындалмаған өтініштер жоқ, - деді Ерлан Дауылбаев.

Ол келіп түскен өтініштердің сипатына толығырақ тоқталды.

Өзін-өзі ұсынушылар ретінде Мәжіліс және мәслихаттардың депутаттығына кандидат болып тіркелу мүмкіндігіне қатысты өтініштер әлі де келіп түсуде. 29 өтініштен осындай 3 өтініш келіп түсті. 10 желтоқсандағы ОСК отырысында осы мәселе бойынша толығырақ айтқан болатынмын. Өтініш берушілер еліміздің әр өңірде, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы, Семейде тұрса да, өтініштердің мәтіндері бірдей. Тіпті бір-бірінен көшіріп жазылғандай. Бұл өтініштердің санын қолдан көбейту ниеті туралы ойға еріксіз келеді. Бұған қарамастан барлық өтініш авторына заңнамада берілген тәртіппен жауаптар берілді. Өзін-өзі ұсыну мәселесі бойынша 10 желтоқсанда өтініш берушілердің біреуіне жазбаша жауап берілген болатын. Алайда 10 күн өткен соң өтініш беруші дәл осы мәселе бойынша қайтадан өтінішпен жүгінді. Осыған байланысты «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» заңның 11-бабына сәйкес егер өтініш берушілерге белгіленген тәртіппен жауаптар беріліп, қайталаған өтініштерде жаңа дәлелдер не жаңадан ашылған мән-жайлар келтірілмесе, мемлекеттік орган өтінішті қарауды тоқтатуға құқығы бар, - деп атап өтті ОСК мүшесі.

Ол «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңның 5-бабына сәйкес мәселенің мәні жазылмаған өтініш қаралмайтынын жеткізді. 

Бірдей мәтіні бар 4 азаматтың өтініші осындай критерийлер бойынша қаралуға жатпайды. Осыған байланысты бұл өтініштерді Ортсайлауком аппараты қараусыз қалдырды, - деп түсіндірді Ерлан Дауылбаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы