Төрт айда қандай заңдар қаралады? Парламент жаңа сессиясын ашты
Парламенттің VIII шақырылымдағы жаңа сессиясы басталды. Үкімет мүшелері мен қос палатаның бірлескен отырысы небәрі 5 минутқа созылғанымен, алдағы жұмыс ауқымды болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс өте көп. Цифрлық кодекстің жобасы, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң, құрылыс кодексі бар. Бұлардың барлығын жаңа сессияда талқылаймыз, - дейді депутат Нұртай Сабилянов.
Мәжілісмен Мұрат Әбенов тұтынушылар құқығын қорғау заңына енгізілетін түзетулер жуық арада екінші оқылымда қаралатынын айтты. Бұл бастама қоғамда қызу талқыға түскен кондитер мен блогер арасындағы «торт дауына» да нүкте қоймақ.
Енді кез келген ауызша келісім, WhatsApp-тағы хат алмасу, әлеуметтік желідегі жазбалар заңды күшке ие болады. Егер баға бекітілсе – тапсырыс беруші төлеуге міндетті, - дейді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.
Күзгі егіс орағы да депутаттардың назарында. Қостанай облысының депутаты Еркін Әбіл былтырғы су тасқыны салдары әлі де ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп жатқанын жеткізді.
Екі ауданда әлі де егістік судың астында жатыр. Жолдар да қалпына келтірілмеген. Су толық кеткен жоқ, - деп пікір білдірді депутат Еркін Әбіл.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың мәліметінше, елде 5,9 млн тонна астық жиналған. Биылғы болжам бойынша жалпы көлем 20 млн тоннаға жуық болуы мүмкін.
Сондай-ақ Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі де қызу талқыланды. Халықтың арыз-шағымдары мен бұйымтайы депутаттар көтерген негізгі тақырыптардың бірі болды.
Депутаттар халықпен кездесулерде көтерілген мыңдаған мәселелерді Парламентке жеткізсе, журналистер тарапынан да сұрақ көп болды. Қымбатшылықтан бастап, спорттағы билет дауына дейін қозғалды.