Төрт аяқты тәртіп сақшылары
Ертіс өңірінің полицейлеріне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 28 төрт аяқты қызметкер көмектесіп жүр. BAQ.KZ агенттігінің тілшісі кинологиялық орталықта болып, полицей иттердің иелерімен аз-кем тілдесіп қайтты.
Облыстық полиция жанындағы кинологиялық орталық осыдан он жыл бұрын құрылған. Қазіргі уақытта қызметтік-іздеу иттер тобы тәртіп сақшыларымен бірге қылмыспен күреске бағытталған бірыңғай құрылымға айналды.
Кинология қызметі орталығының бастығы Нияз Валиевтің айтуынша, тәртіп сақшылары жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 80 қылмыстың бетін ізін суытпай ашты.
Төбеттер мал ұрлығы, адам денсаулығына қасақана зиян келтіру, тонау қылмыстарын ашуға жиі көмектеседі. Сонымен қатар, қызметтік иттердің көмегімен заңсыз айналымдағы есірткі заттарды анықталды. Жарылғыш заттар мен жоғалған адамдарды іздеу де негізгі қызметтердің қатарында. Жаз мезгілінде балалар жиі жоғалады. Сондай шақыртуларға да шығып тұрамыз, - дейді Нияз Валиев.
Мамандардың айтуынша, жануарларды жақсы көрмейтін адамдар кинология қызметінде жұмыс істей алмайды. Төрт аяқты полицейлермен тіл табысып, бірлесіп жұмыс істеу де ыждахаттылықты талап етеді.
Жұмыстар иттерді жақсы көру керек. Себебі, жануар барлығын сезеді. Командаларды үйреніп, түрлі тапсырмаларды мүдірмей орындау үшін төбетті досыңдай көру керек. Оған толыққанды маман ретінде қарау қажет. Өйткені, кинолог пен ит – бір команда. Олар бір бірін түсініп, сезу керек, - кинология қызметінің бастығы.
Инспектор-кинолог, полицияның кіші лейтенанты Дамир Бейсенбаевтың айтуынша, орталықтағы иттер есірткі заттары, адам және жарылғыш заттарды іздеу бағыттары бойынша жаттығады.
Орталығымызда неміс, бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар қызмет етеді. Неміс овчаркалары есірткі заттарын жақсы іздесе, бельгиялық тұқымдастары адамдардың жоғалуы кезінде таптырмас көмекші. Ал лабрадорлар одрологиялық жұмыста, яғни, адам саусақ іздерінің иісі бойына айғақ іздеуге жұмылдырылады. Әр иттің өз бағыты, өз жұмысы бар. Әрқайсысы өз саласының шебері десем, артық айтпағандық болмас, - дейді Дамир Бейсенбаев.
Мамандардың айтуынша, иттерді үйрету төрт айлық күшік кезінен басталады. Төбеттер орташа есеппен сегіз жасқа дейін қызмет етеді. Денсаулығы жарап жатса, полицейлік жұмысын жалғастырады немесе иесінің шешімімін құрметті демалысқа шығады.
Қызметтік иттің жұмыс күніне тоқтала кетсек. Таңертең кезекші кинолог төбеттерімізді тамақтандырып, су береді. Жатқан жерлерін жинап, ылғалды тазалық шарасын жүргізеді. Кейін күнделікті жаттығу ұйымдастырылады. Тәжірибелі иттерді көп жаттықтырмаймыз, себебі, олар өз мамандықтарын жақсы меңгерген. Иттермен сағат сайын 15 минуттық ұзықтылықпен жаттығу жасауға болады. Орталықта арнайы құралдармен жабдықталған арнайы жаттығу алаңы бар. Кешке арнайы азықпен тамақтандырамыз. Сонымен қатар, күн сайын кинологпен бірге қызметтік ит те тәуліктік кезекшілікке шығады. Яғни, шақырту түсіп жатса, оқиға орнына аттануға дайын тұрады, - дейді Дамир Бейсенбаев.
Құйрықты қызметкерлер жұмысқа физикалық және психологиялық тұрғыдан сақадай сай болу үшін күнделікті тамақтандырылуына баса назар аударылады. Мамандар иттердің рационында пайдалы заттар мен дәрумендердің болуын қадағалап отырады.
Иттерді дұрыс тамақтандыру маңызды. Мәселен, біздің төбеттер үй тамағын жемейді. Іздеу операциялары кезінде де өзге тамақ тұрлеріне әуестенбейді. Ол үшін оларды арнайы жаттықтырамыз. Арнайы қорегіміз бар. Төрт аяқты әріптестеріміз қылмыстың бетін ашып, көмектессе сыйақымыз да бар. Біз оларға ойыншық береміз. Қазіргі уақытта біз «Қарасора» алдын алу шарасына қатысып жатырмыз. Иттермен өзге облыстар мен мемлекеттерден әкелінетін тауарлар жүгін тексеріп, нарықтарда рейд жүргіземіз. Өз басым есірткі заттарын іздеумен айналысатын итпен жұмыс істеймін, - дейді кинолог.
Кинологтардың айтуынша, иттер арасында ең жақсысын немесе ең осалын таңдау қиын. Себебі, олардың әрқайсысы - өз ісінің шебері.
Мәселен, менің Боран атты көмекшім бар. Ол - есірткі заттарын іздеудің хас шебері. Наша заттарын кез келген жерде, кез келген ауа райында таба алатын қасиеті бар. Балалар жоғалған кезде де көмегі зор. Жұмысымызда кей кездері күшіктерді үйретуде қиындықтар болып жатады. Мәселен, ит бала кезінен агрессивті мінезді болса, оның өзгерту үшін біраз еңбек ету керек. Күшіктер Алматы қаласындағы кинологиялық орталықтан әкелінеді. Алдын ала өтініш жіберіп, кейін жаттықтырамыз. Өзім бұл қызметке бес жыл бұрын келдім. Еш өкінбеймін. Ұнайды. Бес жыл ішінде жануарларға деген қарым-қатынасым өзгерді. Ол ит қана емес, жақын дос және сенімді әріптес. Жинаған тәжірибемнің арқасында кез келген күшікті жаттықтырып, үйрете аламын деуге болады. Жан дүниесінн түсініп алдым. Көңіл-күйі болмаса, көңілін аулауға тырысамын. Олар да адам сияқты қызмет барысында жарақат алып, шаршауы мүмкін. Мәселен, бір итім іздеу кезінде табанын кесіп алды. Оған ем-дом шаралары тағайындалады, - дейді Дамир Бейсенбаев.
Айта кетейік, иттердің көмегімен жыл басынан бері 21 келіден астам есірткі тәркіленіп, жойылды. Төрт аяқты тәртіп сақшылары гашиш, марихуана, канабис шайыры, синтетикалық наша түрлерін анықтаған. Ал жарылғыш заттарды қою бойынша 20-дан астам шақыртуға шығып, тиісті шараларды қолға алды.