Бүгiн 2026, 17:22 Фото: depositphotos.com

Төрт адам қаза тапқан апат ісі: Жүргізуші сотта ақталып шықты

Ақтөбеде төрт адамның өліміне әкелген жол апаты бойынша шетелдік азамат ақталды.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты Самара – Шымкент тас жолында болған адам өлімімен аяқталған жол апаты бойынша Қырғызстан азаматы, 33 жастағы Рамазан Инфуровты ақтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қайғылы оқиға 2023 жылғы 21 ақпан күні кешке аталған автожолдың 921-шақырымында болған. Іс материалдарына сәйкес, Инфуров басқарған Volvo жүк көлігі Mitsubishi Montero Sport автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан 31 жастағы ер адам мен оның екі кәмелетке толмаған баласы оқиға орнында көз жұмған. Тағы бір бала кейін ауруханада қайтыс болды. Олардың барлығы жеңіл көлікте болған. Көлікті марқұм ер адамның 32 жастағы жұбайы басқарған. Ол апаттан аман қалған.

Алғашында Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша (жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру) айып дәл осы әйелге тағылған. Алайда ол өз кінәсін мойындамай, өз жолағымен келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, қарсы бағыттағы жолақпен бензовозды басып озған жүк көлігі оны күрт тежелуге мәжбүрлеген. Соның салдарынан көлік тайып кетіп, соқтығыс болған.

Сот айыптау тарапы әйелдің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар ұсынбағанын атап өтіп, оны ақтады.

Осыдан кейін дәл сол бап бойынша жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуровқа айып тағылып, іс сотта қаралды. Ол да өз кінәсін жоққа шығарып, басып озуды аяқтап, өз жолағына қайта оралған кезде жол талғамайтын көлік қарсы жолаққа шығып кеткенін айтқан.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Қорғау тарапы жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін айғақтардың жоқ екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар іс сотқа жолданғанға дейін қылмыстық іс төрт рет тоқтатылғаны, ал сотқа дейінгі тергеу материалдарының бір бөлігі бұрын ақталған әйелге қатысты істің материалдарымен сәйкес келетіні айтылды.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша Рамазан Инфуров қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды. Сондай-ақ оған қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін келтірілген зиянды өтеу құқығы берілді.

Сот оның қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын алып тастап, бірден босатуды қаулы етті.

Жәбірленуші тараптың 50 млн теңге көлеміндегі азаматтық талабы қараусыз қалдырылды. Үкімге апелляциялық шағым беру үшін 15 тәулік мерзім белгіленген.

Сонымен қатар төрағалық етуші судья Исмаилова жеке қаулы шығарып, істі тергеу барысында қылмыстық-процестік заңнаманың талаптары бұзылғанына байланысты Ақтөбе облысының прокуроры мен полиция департаменті басшысының назарын аударды.