Торғайда құрылыс жанданып, әлеуметтік нысандар жаңаруда

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жанкелдин ауданының орталығы – Торғайда әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңа спорт кешені салынып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруда жергілікті билік тұрғындардың талап-тілегі ескерілгенін айтады.

 

Бұқаралық спортты дамытсақ дейді

Жанкелдин ауданы орталығында тұрғызылып жатқан әлеуметтік нысандардың бірі – дене шынықтыру-сауықтыру кешені. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған жоба екі жылға есептелген. Құрылысқа 2020 жылы 362 млн 413 мың бөлінсе, алдағы жылы 181 млн 207 мың теңге жұмсалмақ.

Нысан құрылысы биыл шілде айының соңына таман басталды. Бүгінге дейін ғимараттың қадалары бекітіліп, іргетасы орнатылды. Енді қабырғасы тұрғызылып жатыр. Нысан іші заманауи құрылғылармен жабдықталады. Бұл орында жергілікті жеті тұрғын жұмыспен қамтылып отыр, - дейді Жанкелдин ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Бейсенбі Самыратов.

Аталған кешеннің аумағы 1601,4 шаршы метр болады. Бір мезетте 50 адам спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ, жүз жанкүйер сыйып кетеді.

Жылыту жүйесін салуда үнемділікке барынша мән берілген. Модульді бу қазандығы орнатылады. Құрылыс жұмыстары 2021 жылы тамыз айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.

Біздің ауданда қазақ күресі, волейбол, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлері жақсы дамыған. Жарыстардан бірнеше мәрте жүлде алдық. Басқа да ойын түрлері дамып, жұртшылық саламатты өмір салтын ұстанса, бұқаралық спортқа ден қойса дейміз. Ол үшін біз, жергілікті билік тарапынан барынша жағдай жасалып отыр, - дейді Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамбет Бидашев.


Тағы бір спорт нысаны – «Топжарған» стадионы қанша жылдан бері күрделі жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен еді. Сметалық құжаттары 2018 жылы жасалып, былтыр бюджеттен 157 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталуы тиіс еді. Алайда, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты енгізілген шектеу шараларына сәйкес, басқа қалалардан тасымалданатын тауарлар біраз кешеуілдеп қалды.


Жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан «Алюминқұрылыс» ЖШС нысанды бірер күнде тапсырамыз деп отыр. Ойын алаңы мен жүгіру жолақтарының, көрермендер мінберінің әбден тозығы жеткен еді. Соның бәрі ауыстырылды. Толығырақ айтқанда, 400 метрлік алты жолақты жүгіру аймағы, ұзындығы 108 метр, ені 68 метр жасанды төсеніші бар футбол алаңы салынып, жаңадан 614 орындық қойылды, - дейді аудандық балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Қызылбай Әділбеков.

Жөндеу жұмыстарына қолданылып жатқан материалдардың 90% – қазақстандық өнім. Бұл – «Жұмыспен қамту жол картасының» негізгі талабы.

 

Бұрынғы СПТУ – қазіргі шағын орталық

Кеңес дәуірінде кәсіптік-техникалық оқу орны болған ғимарат көп жылдан бері қаңырап бос тұрған еді. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде сақалды құрылыс мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталық болып ашылмақ.


Аудан орталығында бір ғана балабақша бар. Оған 140 бала сыяды. Қазір кезекші топтар ғана барып жүр. Аудан әкімінің халықпен кездесуінде «тағы бір балабақша болса» деген ұсыныс айтылған еді. Сол ұсыныс ескеріліп, Ш.Уәлиханов атындағы Торғай орта мектебінің балансында тұрған ғимаратты шағын орталық етіп ашуды ұйғардық, - дейді аудан әкімінің орынбасары Дінмұхамбет Бидашев.

Шағын орталық құрылысымен «Стройдвор» ЖШС айналысып жатыр. Ғимаратқа есік, терезе салып, іші-сыртын қалыпқа келтірумен қатар, керек-жарақпен жабдықтауға қаралған қаражат – 50 млн теңге. Құрылысқа 11 адам, оның ішінде 5 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке тартылған. Жоба қазан айында толық аяқталуы тиіс.


Білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек, ауданда мектепке дейінгі мекемелерге 538 балдырған барады, 201 бала кезекте тұр. Олардың 75-сі осы жаңадан ашылатын шағын орталыққа қабылданады.

Ашылғалы отырған шағын орталық толық режимде жұмыс істейді. Яғни, бөбектер таңғы 9.00-ден кешкі 17.00-ге дейін сонда болады. Тәрбиешілер мен көмекшілер, аспаз, күзетшілер бар, барлығы 19 адам жұмыспен қамтылады. Кезекте тұрған қалған балаларды мектептердегі жарты күндік шағын орталықтарға қабылдаймыз, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Наурызбай Сейдахметов.

 

Ғимараты жөнделіп, ұжымы толығып жатыр

Салынғалы бері күрделі жөндеу көрмеген аудандық орталық аурухана да жаңа кейіпке еніп, ескірген жабдықтары жаңарып қалды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстарына бюджеттен 440 млн 293 мың теңге бөлінген еді. Қазір қаржының басым бөлігі игерілді, бес айға жоспарланған жұмыстар аяқталуға жақын.


Әр жылдары бөлімшелер ретке келтіріліп тұрғанымен, мұндай бастан-аяқ жөндеу жүргізіліп көрмеген. Бүгінге дейін ғимараттың шатыры, есіктері мен терезелері, едендері, жылу жүйесі, бәрі-бәрі жаңа, заманауи материалдармен жаңартылды. Кадр мәселесі де бірте-бірте шешіліп келеді. Жаңадан келген дәрігерлерге демеуқаржы, баспана беріліп жатыр, - дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қуат Әлмағамбетов.

Жақында ауданға екі маман келді. Бірі – фармацевт, екіншісі – жалпы практика дәрігері. Екеуі де баспанамен қамтылды. Демеуқаржы алуға құжаттарын тапсырып қойды. Енді бірер күнде ұжым тағы бір фармацевтпен толықпақ.

Қуат Әлмағамбетов аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да көп көңіл бөлініп отырғанын айтады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкпені тыныстандыратын екі аппарат жеткізіп береміз деп отыр. Жергілікті бюджеттен қаражат қаралып, жедел жәрдем көліктерін сатып алдық. Биылдың өзінде бес көлік әкелінді. Оның үшеуін ауылдардағы медицина мекемелеріне бердік, қалған екеуі аудан орталығында қызмет көрсетеді, - дейді Қуат Райханұлы.


Техника демекші, пандемия өршіген кезеңде «Біз біргеміз» акциясына ел азаматтары айтарлықтай үлес қосып, аудан ауруханасына жаңа құрылғылар сатып әперді. Торғай жерінен түлеген азаматтар оттегі концентраторларын, пульсоксиметрлер мен жеке қорғаныш құралдарын сыйға тартты. «Мұның бәрі елдің бірлігін көрсетеді» дейді торғайлықтар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы