Шармановқа Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Медицина саласын дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Төрегелді Шарманұлы Шармановқа 2020 жылғы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы берілді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы» 2001 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2020 жылғы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы:
медицина саласын дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Төрегелді Шарманұлы Шармановқа;
білім және ғылым саласын дамытуға, бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін Шигео Катсуға берілсін, - делінген Жарлықта.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.