Тағам жақсы болса, індет те қашықтайды – Төрегелді Шарманов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов "Antikor Live” жобасында қазіргі індет кезінде дұрыс тамақтану маңызды екенін айтты.

Тағам жақсы болса, індет те қашықтайды. Қазақтың ұлттық дәстүрінде бірінші тағамды үлкен кісілерге беру керек. Олардың отыратын орындары таза, тамақтары тойымды, көңіл күйлері жақсы болса, балалар да бақытты болады. Құдай алдында да қалай өмір сүрдің дегенде сол мәселе айтылады. Жеке басыңның байлығы түкке керегі жоқ. Сенің байлығыңның өлшемі - төңірегіндегі байлықпен есептеледі. Айналаңдағы адамдардың жапа шекпеуі маңызды. Бұл індеттің басты қаупі – үлкен жастағы адамдарды алып кетуі. Сондықтан жастар ең алдымен қауіп-қатерден өздерін сақтап қана қоймай, үлкен кісілерді ойлауы керек. Жастар қазір өз үйіне, отбасына бір ұжым деп қарап, айналасын қорғауы тиіс, - дейді Төрегелді Шарманов.
Сонымен қатар, Қазақ тағамтану академиясының президенті індет кезінде жылқы еті мен қымыз пайдалы деп отыр.
Былапыт тамақ іше беруге болмайды. Ең керегі - сұйық тағамдар. Ол су, қымыз, айранды айтуға болады. Ерекшесі, қымыз. Басқалармен салыстыруға келмейді. Бүгінгі таңда жылқы малының еті мен қымызға жететін ешқандай тағам жоқ. Бірақ жұрттың бәрінің оған қолы жете бермейді. Ата-бабаларымыз: "Жылқының еті – төсек салып жатқанша, сиырдың еті – таң сарғайып атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша" деп әрқайсысының асқазанда қорытылуына дейін сипаттама берген. Жылқының еті үш есе жылдам сіңеді. Ғылыми жолмен дәлелденген. Мен мұнымен көп айналыстым. Өзім зерттеп, көзім жеткен. Толыққанды жауапкершілікпен айта аламын, - дейді академик.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы