Торайғыров университетінің әскери кафедрасына 60 жыл толды

 Осы жылдар ішінде Павлодар жоғары оқу орнының әскери кафедрасы 20 мыңға жуық запастағы офицерді дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары капитан Людмила Перякина, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, аумақтық қорғаныс органдарының өкілдері, кафедра түлектері, университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты. 

Әскери кафедра осы жылдар ішінде бірнеше мыңдаған мамандарды дайындап шығарды. Мұнда өз ісіне әрдайым адал, әскери істің қыр-сырын жақсы меңгерген ұстаздар жұмыс істеді. Оларды үлгілі тәртібі, жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі жауапкершілігі мен жоғары кәсібилігі ерекшелендіріп тұрады, – деп атап өтті «Торайғыров университеті» КЕАҚ ректоры Еркін Садықов. 

 Университет басшылығы әскери кафедраға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биыл оны дамытуға 22 млн. теңге бөлінгенін атап өту керек. 

Кездесуге қатысушыларға әскери кафедраның болашағы мен даму жоспарлары туралы кафедра бастығы полковник Болат Токин жан-жақты айтып берді. Жоғары оқу орнында оқу процесін ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Университет түлектері әзірлеген және Құрлық әскерлерінің Әскери институты мен Қорғаныс министрлігінің басқа да жоғары оқу орындарында таныстырылған «Геотактика» тактикалық іс-қимыл симуляторы бар. Жаңа оқу бағдарламасы бойынша қыздар да әскери мамандықты игеру мүмкіндігіне ие болды. 

Пандемия кезінде әскери кафедрада жеке қорғаныс құралдарының талаптары мен параметрлеріне сәйкес келетін костюмдер, медициналық маскалар мен арнайы киім үлгілері әзірленгенін атап өткен жөн. 

Әскери кафедраның 60 жылдығына студенттердің күшімен мерекелік концерт дайындалып, онда олар әскери дайындық дағдыларын көрсетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы