Тоқаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапарында атқарған істері
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапарының қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Во Ван Тхыонгтың шақыруына орай 2023 жылғы 20-22 тамыз аралығында Вьетнамға ресми сапармен барды.
2. Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ВКП ОК-ның Бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен кездесті, Президент Во Ван Тхыонгпен, Премьер-Министр Фам Минь Чинмен және Ұлттық жиналыс Төрағасы Выонг Динь Хюэмен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Бакнинь және Хайзыонг провинцияларындағы бірқатар экономикалық және мәдени нысандарды аралады.
3. Сапар барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, мәдени және туристік салалардағы ынтымақтастықты дамыту шаралары туралы, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзара қызығушылық тудыратын өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты.
4. Келіссөздер барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Во Ван Тхыонг Қазақстан мен Вьетнамды дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстыратынын растады. Тараптар соңғы кездері екіжақты қатынастардағы ілгерілеушілікке қанағаттанушылық білдіріп, қалыптасқан өзара сенімді саяси диалогты ерекше атап өтті.
Қазақстан мен Вьетнам арасындағы ынтымақтастық өзара тиімді іс-қимыл жасау үшін жоғары әлеуеті бар жаңа салаларды қоса алғанда, өзара мүдделілікті білдіретін барлық бағыттар бойынша кеңейіп жатқаны баса айтылды.
Мемлекет басшылары барлық деңгейлерде, оның ішінде екі елдің партиялары, үкіметтері және парламенттері желісі бойынша делегациялар алмасуды, сондай-ақ халықтар арасындағы мәдени байланыстарды жандандыру; өзара түсіністік пен сенімді нығайту, сондай-ақ екіжақты сан салалы өзара іс-қимылды кеңейту мақсатында Үкіметаралық комиссия, саяси консультациялар мен басқа да форматтар сияқты қолданыстағы ынтымақтастық тетіктерін тиімді түрде іске қосу ниетін растады.
5. Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті, бизнестің екі елдің нарықтарына өзара қол жеткізуі үшін қолайлы жағдайлар жасау және өзара пайдалы сауданы қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін, оның ішінде Қазақстаннан Вьетнамға және кері қарай контейнерлік тасымалдарды ұлғайту үшін шаралар қабылдау мақсатында қолдану мүмкіндігін қарастыру ниетін растады.
Тараптар туризм, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика сияқты және басқа да әлеуетті ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
6. Мемлекет басшылары Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сауданың өсуіне ықпал ететін Вьетнам Социалистік Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда туралы келісімді іске асырудың оң нәтижелерін жоғары бағалады. Тараптар екіжақты сауданы одан әрі ілгерілету үшін осы Келісімнің артықшылықтарын пайдалануға дайын екендігін білдірді.
7. Президенттер 2022 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықтың дамуын ынталандыруға қолайлы жағдайлар жасағанын қанағаттанушылықпен атап өтті.
8. Мемлекет басшылары 2009 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге толықтыру енгізу туралы 2017 жылғы 3 қаңтардағы хаттаманың негізінде білім беру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға қызығушылық білдірді.
9. Президенттер мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандырудың, оның ішінде екі халықты жұмылдыру және өзара түсіністікті тереңдету, мәдениеттерді бірлесіп байыту және екіжақты қатынастарды тұтас дамыту мақсатында ғылым, спорт және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық пен алмасуды кеңейтудің маңыздылығын растады.
10. Мемлекет басшылары халықаралық ұйымдар мен форумдар шеңберінде жүзеге асырылып жатқан екі елдің тығыз үйлесімі мен өзара қолдауын жоғары бағалады. Тараптар өңірдегі бейбітшілік, даму мен өркендеу тұрғысынан мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында көпжақты форумдарда, атап айтқанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі өрбітуге ұмтылысын атап өтті.
Вьетнам тарапы АСЕАН және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуда байланыстырушы буын болып, Қазақстанды қолдауға дайын екенін білдірді.
Тараптар халықаралық және өңірлік мәселелер туралы пікір алмасты. Вьетнам тарапы Оңтүстік Қытай теңіздегі қазіргі жағдай туралы хабардар етті. Тараптар бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтаудың, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы негізінде барлық дауларды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.
11. Сапар шеңберінде мынадай құжаттарға: (1) Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартқа; (2) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге; (3) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы 2023–2025 жылдарда сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына; (4) Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға; (5) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті мен Вьетнам Социалистік Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға; (6) «QazTrade» cауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен «VietTrade» Вьетнамның саудаға жәрдемдесу жөніндегі агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға; (7) «Хабар» агенттігі» АҚ мен «Vietnam Television» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
12. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Во Ван Тхыонг пен Вьетнам халқына жылы шырайлы қонақжайлылығы үшін шынайы ризашылығын білдірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Во Ван Тхыонгты өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға келуге шақырды. Президент Во Ван Тхыонг шақыруды ризашылықпен қабылдады. Сапар мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.