Тоқаевтың Ресей-Украина қақтығысын «мұздату» туралы ұсынысы келіссөздерде талқылануы мүмкін бе? Халықаралық сарапшы пікірі
АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы, бұрынғы аға кеңесшісі Джаред Кушнер Мәскеу мен Киевке барып, Владимир Путин мен Владимир Зеленскиймен келіссөздер жүргізді. Алайда келіссөздердің барлық деталі жарияланған жоқ.
Халықаралық сарапшы Айнұр Ноғаева BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында, қазіргі әлемде «дипломатия арқылы бейбітшілік» ұғымы біртіндеп «инвестиция арқылы бейбітшілік» форматына ауысып жатқандай әсер қалдыратынын атап өтті.
Үш сағат бойы Уиткофф пен Кушнер Мәскеуде не талқылады деген сұрақ өте маңызды болып отыр. Бірақ оған жауап беру үшін алдымен Трампты дұрыс түсіну керек. Трамп – бірінші кезекте бизнесмен. Оның айтқан сөздері мен жасаған қадамдарына қарасақ, мұны анық байқауға болады. Ол ең алдымен АҚШ-тың және өзінің мүддесін ойлайды. Ол пацифист те емес, филантроп та емес. Басты орында америкалық мүдде тұр. Ол барлық соғысты тоқтатамын деп айтқанымен, іс жүзіндегі қадамдары мен мәлімдемелері әрдайым сәйкес келе бермейді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Уиткофф Мәскеуге бірнеше мәрте барған.
Уиткофф Мәскеуге тоғыз рет барған екен. Былтыр алты рет, 2025 жылы үш рет барыпты. Ал Украинамен осы уақытқа дейін негізінен телефон арқылы сөйлесіп, Оманда дипломатиялық байланыс жүргізген. Киевке алғаш рет баруының өзі көп нәрсені аңғартады. Зеленскийдің өкпесінің бір себебі де осы болуы мүмкін, – дейді ол.
Сарапшы келіссөздерге Еуропа елдерінің де қатысуы маңызды фактор екенін атап өтті.
Қазіргі таңда АҚШ-тың Иранмен байланысты мәселелері бар. Ал Ресей мен Украина арасындағы соғыс ең қатаң соққылау кезеңдерінің біріне жетті. Сондықтан Америка бұл соғысты назардан тыс қалдырды деген пікір қалыптаспау үшін өз өкілдерін жіберді деуге болады. Бұл бір жағынан Генри Киссинджердің 1974 жылғы шаттл дипломатиясын еске салады. Израиль мен араб елдері арасындағы соғыс кезінде қолданылған тәсіл болатын. Сондықтан бұл тек Америка үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызды процесс, – дейді Ноғаева.
Сарапшының сөзінше, Уиткоффпен кездесуден кейін Ресей тарапы «жаңа идеялар» туралы айтқанымен, олардың нақты мазмұны әзірге белгісіз.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаевтың соғысты мұздатып тоқтату жөніндегі бұрын айтқан ұсынысы келіссөздер барысында қаншалық талқылануы мүмкін екенін сұрадық. Бұл мәселеге қатысты Айнұр Ноғаева нақты ақпараттың әлі жарияланбағанын айтты.
Нақты ұсыныстар алдағы күндері белгілі болуы мүмкін. Қазіргі таңда олардың нақты не талқылағаны туралы ақпарат жоқ. Бірақ мен инвестиция мәселесі бірінші орында болды деп ойлаймын. Себебі Уиткофф пен Кушнермен қатар Ресей жағынан инвестиция мәселелеріне жауапты өкіл де қатысты. Олар келіссөзге дейін де үш сағаттан астам уақыт сөйлескен. Бұл да маңызды жайт, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, келіссөздердегі «жаңа идеялар» әскери сипаттағы бастамалар ғана болмауы мүмкін.
Мысалы, бұған дейін Трамп пен Украина арасында минералдар жөніндегі келісім жасалды. Сондықтан айтылған идеялар соған ұқсас экономикалық немесе инвестициялық жобалар болуы мүмкін. Біз ойлағандай тек әскери сипаттағы ұсыныстар емес. Өйткені бұл соғыс бір жағынан қасірет әкеліп жатқанымен, кейбір бизнес өкілдері үшін үлкен жоба ретінде де қарастырылуы мүмкін. Сондықтан әр тараптың мүддесі әртүрлі, – дейді ол.
Сарапшы Ресей мен Украина басшыларының тікелей кездесуі әзірге соғысты тоқтатудың кепілі болмайтынын айтады.
Путиннің өзі кездесудің нәтижесі болмаса, кездесу үшін кездесу өткізудің мәні жоқ екенін айтып жүр. Сондықтан ең маңызды мәселе – екі тараптың шарттарын бір-біріне жақындату. Бірақ төрт жарым жылдан бері соғыс жалғасып келеді, ал мен әзірге позициялардың жақындағанын көріп отырған жоқпын, – дейді Ноғаева.
Оның айтуынша, Ресей мен Украина талаптарының арасында үлкен айырмашылық бар.
Ресей НАТО-ның кеңеюіне қарсы екенін және өзі бақылауына алған төрт аумақтың мәртебесі мойындалуы керек екенін айтып отыр. Бірақ Украина үшін мұндай шарттарды қабылдау мүмкін емес. Сондықтан екі елдің ұстанымдары бір-бірінен өте алшақ, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол Түркия, Қазақстан және басқа да елдер түрлі бейбіт бастамалар ұсынып келе жатқанын атап өтті.
Түркия да, Қазақстан да түрлі деңгейде соғысты тоқтату туралы пікір айтып келеді. Түркия Ресейге де, Украинаға да қарсы шықпай, екі тараппен де жұмыс істеп отыр. Стамбұлда басталған келіссөздер процесі бар. Еуропадағы келіссөз алаңдары тоқтап қалғанымен, қайта жандануы мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр. Біз, әрине, бейбітшілік болғанын қалаймыз. Түркия да, Қазақстан да, Әзербайжан да – бүкіл түркі әлемі осыны қалайды, – деді Айнұр Ноғаева.