Тоқаевтың қарсылығынан кейін Құрылтай депутаттары мемлекеттік наградалар туралы заңды қайта қарады
Депутаттар Президенттің ұсынысын қолдап, мемлекеттік наградалар туралы заңның жекелеген нормаларын жаңа редакцияда қабылдады.
Құрылтай депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңның жекелеген нормаларына қатысты қарсылығын қарады. Комитет Президент ұсынған түзетулерді қолдап, бұған дейін қабылданған нұсқаны мақұлдамауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сөз «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжаттың жекелеген нормалары жөнінде болды.
Депутат Шолпан Каринованың айтуынша, Құрылтай қарауына Мемлекет басшысының ұстанымы ескерілген заңға түзетулер ұсынылған.
Заң мәдениет және өнер қайраткерлерінің айрықша еңбегін мемлекет деңгейінде мойындауға бағытталған. Құжат комитет отырысында Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдерінің қатысуымен қаралды. Тиісті қорытынды да бар. Осыған байланысты Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мемлекеттік наградалар туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құжаттың жекелеген нормаларын Президент ұсынған редакцияда қолдауды және осыған орай бұрынғы нұсқасын мақұлдамауды сұрайды, – деді депутат.
Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заңның жекелеген нормаларын Президент ұсынған редакцияда қабылдады.
Еске салсақ, 2026 жылғы 14 қазанда Құрылтай депутаттардың бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдаған болатын.