Тоқаевтың қарашадағы тығыз кестесі: форум, Өзбекстанға сапар және жоғары деңгейдегі кездесулер
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14-19 қараша аралығында бірқатар маңызды іс-шараларға қатысады. Астанада ауыл шаруашылығы форумын өткізіп, Ташкент пен Астанада Өзбекстан және Эстония президенттерімен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақорданың мәліметінше, 14 қараша күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтетін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысады. Жиында аграрлық саланы дамытудың өзекті мәселелері қаралып, ауыл шаруашылығындағы жаңа бастамалар талқыланады.
14-15 қарашада Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барады. Сапар барысында мемлекеттер басшылары тет-а-тет форматында келіссөздер өткізеді. Сондай-ақ президенттердің төрағалығымен Қазақстан–Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді, - делінген Ақорданың хабарламасында.
16 қараша күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады.
17-19 қараша аралығында Астанаға Эстония Президенті Алар Карис мемлекеттік сапармен келеді.
Ақордадағы жоғары деңгейдегі келіссөздер кезінде мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын және серіктестікті тереңдету мүмкіндіктерін талқылайды.