Тоқаевтың кітабы, криминалист қорабы, қылмыскердің қаруы. Көшпелі музей қызығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық музейлер күніне байланысты ІІМ ішкі істер органдары музейінің экспозицияларын «Алатау» спорт кешенінде таныстырды. 

ІІО-ның 30 жылдығына және балалар жылына арналған іс-шаралар аясында полицияның тарихы мен қазіргі заманғы жұмысы туралы экспозиция қойылды. 

Келушілер құқық қорғау органдарының қалыптасу кезеңдерімен танысып, қызықты экспонаттар туралы мағлұмат алды.

ҚР ІІМ мұражайы 1990 жылы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі құқық қорғау органдары жүйесінің ең үздік мұражайларының бірі ретінде аталып, «КСРО мұражайлары» каталогтар кітабына енгізілген.

Ішкі істер министрілігі музейінің меңгерушісі  Алмагүл Сатмағанбетованың айтуынша, музей ІІМ ғимаратында орналасқан, сондықтан оған кез келген адам кіре бермейді.

Онда келу үшін арнайы хат жазу керек. Біз тізім бойынша келушілерді ғимаратқа кіргізуіміз керек. Әрине, бұл кедергілер орнатады. Сондықтан біз Халықаралық музейлер күніне орай ішкі істер органдарының тарихына арналған музейдің 150-ге жуық экспонатын  осы спорт кешенде таныстыруды жөн көрдік. Мемлекет басшысы осы жылды Балалар жылы деп жариялағанын да білеміз. Осыған орай спорт кешеніне келген балалар да тамашаласын деп жоспарладық, - деді ол.

Ол атап өткендей, ішкі істер органдарының тарихы тереңде жатыр. 

Сонау Кеңес заманындағы экспонаттар да бар. Бұл келушілердің аса қызығушылығын арттырып отыр. Әсіресе, балалар бұрын-соңды көрмеген жәдігерлерді тамашалап жатыр. Мысалы, көшпелі музейде қылмыскерлерден алынған қару-жарақ, спорттық шаралардағы сыйлықтар, милицияның қалыптасуы және криминалистердің жеке заттары, полиция туралы шыққан кітаптар бар, - деді ол. 

Сонымен қатар музейде  Кемел Тоқаевтың кітаптары да қойылған. 

Біз бұл кісінің еңбегін Президентің әкесі болған үшін қойған жоқпыз. Келушілерге де оны түсіндіреміз. Бұл - ішкі істер органдарының тарихы. Экспозициядағы адамның ішкі істер органына тікелей қатысы бар. Чекистер туралы жаза бастаған алғашқы адам. Соғысқа қатысып, елге оралған. Өліммен бетпе-бет кездескен адам үшін бұл тақырып та жақын болған. 1979 жылы ішкі істер министрлігінің музейіне өзінің қолтаңбасымен тапсырған кітаптар да бар, - деді Алмагүл Сатмағанбетова. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы