Тоқаевтың АҚШ-қа сапары: әлемдік БАҚ Вашингтондағы кездесуді кеңінен талқылап жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары мен Дональд Трамппен кездесуі әлемдік БАҚ назарында. Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы – өңірлік бейбітшілік пен ынтымақтастық жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Axios басылымы Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуына ерекше назар аударып, бұл қадамды бейбітшілікке бағытталған маңызды шешім деп бағалады:
Бұл – Газадағы соғыстың бетін жаңа параққа бұрып, өңірде бейбітшілік пен ынтымақтастыққа қарай ілгерілеудің маңызды қадамы болады, – деп жазады басылым.
The Washington Post газеті де Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуын назардан тыс қалдырмады.
Associated Press агенттігі Дональд Трамптың сөзін келтіреді:
Қазақстанның қосылуы – әлем бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық көпірлерін орнатуға бағытталған маңызды қадам, – деді АҚШ Президенті.
АҚШ-тың үш ірі хабар тарату желісінің бірі – CBS News Қазақстанның Израильмен Авраам келісімдеріне қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Басылымның жазуынша, бұл шешім екі ел арасындағы сауда және ынтымақтастық байланыстарын нығайтады.
EE News by Politico басылымы Астана мен Вашингтон арасындағы пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы келісімді ерекше атап өтті. Онда Қазақстанның әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел және сирек жер элементтерінің кен орындарына ие мемлекет екені көрсетілген.
Халықаралық France 24 арнасы Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы Израиль мен мұсылман елдері арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру үдерісін кеңейте түсетінін хабарлады.
АЗЕРТАДЖ агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақ үй басшысымен кездесуінде АҚШ-тың бейбіт бастамаларын қолдағанын жазды. Сондай-ақ, агенттік Тоқаевтың Дональд Трамптың «TRIPP – халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» (Зәңгезур дәлізі) бастамасына қолдау білдіргенін атап өтті. Бұл жоба Орта дәліздің дамуына серпін беруі мүмкін. Өз кезегінде Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілді екенін мәлімдеді.
Anadolu Ajansı (Түркия) өз мақаласында Қазақстанның БҰҰ Жарғысы қағидаттарына негізделген диалог пен бейбіт шешімдерге үлес қосуға ұмтылатынын атап өтті. Агенттіктің жазуынша, Қазақстан Таяу Шығыста бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға Авраам келісімдері арқылы үлес қосуға дайын.
Бұған дейін Дональд Трамп атап өткендей, Қазақстан – оның екінші президенттік мерзімі кезінде Авраам келісімдеріне қосылған алғашқы мемлекет болды.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі еліміздің Авраам келісімдеріне қосылғанын ресми түрде мәлімдейді.