Тоқаевты бірнеше мемлекет басшылары құттықтады

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жазды.

Мемлекеттер басшылары келесі жылдың басында екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының игілігі жолында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. 

Мемлекет басшысы бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сай келетінін атап өтті.

Президенттер қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының қазіргі жағдайын және даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ алдағы кездесулердің кестесін қарастырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен де телефон арқылы сөйлесті.

Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Мемлекет басшысы құттықтағаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп, Қырғызстанмен арадағы көпжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайта беретініне ниетті екенін жеткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 

Қасым-Жормарт Тоқаевтың атына Ресей Президенті Владимир Путиннің құттықтау жеделхаты да келіп түсті.

Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтау жеделхаты келіп түсті. 

Сіз отандастырыңыздың зор сеніміне ие болдыңыз. Бұл сенім мандаты мемлекетті дамытуға бағытталған Сіздің бастамаларыңызды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Елдеріміз арасындағы дәстүрлі достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастық табысты дамып келеді. Ынтымақтастығымызды одан әрі бірге ілгерілете береміз,– деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен де телефон арқылы сөйлесті.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс Президент сайлауындағы сенімді жеңісімен құттықтады.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықтың, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі нығаю перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті.

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге ресми сапары кезінде қол жеткізген уағдаластықтар екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуда басты бағдар болатынын атап өтті.

Мемлекеттер басшылары сондай-ақ қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту жөніндегі бірлескен міндеттерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен де телефон арқылы сөйлесті.

Шахбаз Шариф Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министріне құттықтағаны үшін ризашылығын білдіріп, Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі екенін жеткізді.

Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы өзара сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқаны, энергетика және көлік секторларындағы ынтымақтастықтың кеңейе түскені атап өтілді.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы