Тоқаев: ЖИ – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші
Жасанды интеллект – экономиканың басты қозғаушы күштерінің бірі ретінде танылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында мәлімдеді.
Бүгін біз жасанды интеллектінің білім жүйесіндегі рөлін жан-жақты талқыладық. Мазмұнды әңгіме болды, жақсы пікір алмастық. ЖИ-ді дамыту – бәрімізге ортақ міндет. Өйткені бұл сала еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Біз заманның беталысын ерте аңғарып, әлі бір қадам алға жүруіміз керек. Технология адамға қызмет ететін деңгейге жетуіміз қажет. Тағы да қайталап айтамын: Біздің цифрлық стратегиямызда ұлт мүддесі басты орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, негізгі мәселе – жасанды интеллект қана емес. Ең бастысы – елдің егемендігі, ұрпақтың болашағы. Үкімет бүгін айтылған ұсыныстың барлығын мұқият қарастырады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент кеңестің келесі қандай тақырыпқа арналатына тоқталды.
Сөз соңында бір мәселені атап өткім келеді. Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын, - деп Президент жиынды қорытындылады.