Тоқаев ЖИ-ді пайдалану үшін дінаралық комиссия құруды ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде ЖИ-ді пайдалану үшін «өсиет» әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, адамзат бүгінгі таңда қарқынды түрде жаңа технологиялық дәуірге қадам басып келеді.
Жасанды интеллект, ауқымды деректер, биоинженерия және өзге де серпінді технологиялар даму бағытын түбегейлі өзгертіп жатыр. Алайда этикалық өлшемдер мұндай жылдамдыққа ілесе алмай отыр. Таңдау еркіндігі мен жеке өмірдің құпиялығы, цифрлық теңдік пен қауіпсіздік, жасанды интеллектіні және басқа да заманауи құралдарды қолдану секілді жаңа сын-қатерлер туындауда. Сол себепті цифрлық болашаққа қатысты пікірталастарда адамзаттың ортақ моральдық құндылықтары мен ұстанымдары ескерілгені маңызды. Кез келген технология ең алдымен адам игілігіне қызмет етуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент бұл мақсатта ол рухани көшбасшылар, ғалымдар мен технология саласының инженерлері арасында тұрақты диалог орнатудың маңыздылығына назар аударды.
Жасанды интеллектіні дамытудағы этика мәселелерімен айналысатын халықаралық комиссия құруды ұсынамын. Бұл құрылым оның жауапты қолданылуына арналған әмбебап қағидалар жинағын әзірлеуі қажет. Әңгіме бір сипаттағы «алгоритмдер үшін уағыздар» жайында болып отыр. Олар адам қадір-қасиетіне құрметпен қарауды, сондай-ақ маңызды шешімдер қабылдауда кемсітушілікке жол бермеуді көздейді, – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде этносаралық, дінаралық және ұлтаралық толеранттылық саясатын жүргізудің маңыздылығына тоқталды.