23 Тамыз 2026, 14:05 Фото: Ақорда

Тоқаев: Жастарға сеніп, жауапкершілік арту керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерге берген сұқбатында Құрылтай депутаттығына үміткер жастар туралы пікір білдірді. Президент жастарға сенім артып, оларға жауапкершілік жүктеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылтай депутаттығына үміткерлер арасында түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жастар бар. Жастар Құрылтай жұмысына серпін бере ала ма? – деп сұрады БАҚ өкілі Президенттен.

Мемлекет басшысы бұл мәселе алдағы уақытта белгілі болатынын айтты.

Біз жастарға сенім артамыз. Кезінде түрлі лауазым бердік. Үкіметте жоғары лауазымға тағайындалған жастардың барлығы бұл міндетті ойдағыдай атқарды деп айта алмаймын. Неше түрлі кедергі болады, себеп болады. Жалпы жастарға сеніп, жауапкершілік арту керек. Онсыз болмайды, – деді Президент.

Қазақстан – демография бойынша жас мемлекет. Мемлекет басшысы сол себепті де жастарға сенім үлкен екенін атап өтті.

Бірақ жастар дайындалуы керек. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келіп, министрлік ішінің тас-талқанын шығарып кеткен жағдай болды. Оған жол бермеуіміз керек. Мемлекеттік іс аса маңызды, – деп айтты Тоқаев.