Тоқаев: Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет
Бұл туралы Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналуда. Мұндай жағдайда еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін бізге барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды, - деді Мемлекет басшысы.
Президент жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор екенін айтты.
Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады. Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті, нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады, - деді Тоқаев.
Тоқаев мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек екенін айтты.
Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет, - деді Президент.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек екенін де айтып өтті.
Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек. Қазір Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр. Бұл құжаттар аталған саладағы зерттеу жұмыстарына және әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға жағдай жасауы керек. Сондай-ақ бизнес пен жоғары оқу орындары үшін технологиялық инфрақұрылымдар мен мәліметтер базасын қолжетімді етуге тиіс. Жасанды интеллектіні адамзат игілігіне қызмет ету үшін дамыту маңызды. Сондықтан этикалық стандарттарды белгілеу, мәліметтерді қорғау және осы саладағы киберқауіптің алдын алу ісіне ерекше мән берген жөн, - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ЕуроОдақта (Artificial Intelligence Act) тиісті заң қабылданғанын айтты.
Жасанды интеллектіні реттеу мәселесі бүгінде ұлттық және жаһандық деңгейде жиі талқыланады. Мысалы, жақында ЕуроОдақта (Artificial Intelligence Act) тиісті заң қабылданды. Цифрлық дәуір жаңа активтің, яғни деректердің пайда болуына ықпал етті. Олар жасанды интеллект пен машиналық үйренудің негізгі шикізаты саналады. Сондықтан мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты ұйымдардың деректер қорын интеграциялаумен белсенді айналысу керек. Күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін жақын арада елімізде жасалып, іске қосылатын суперкомпьютерлердің мүмкіндігін барынша жұмылдыру қажет, - деді ол.