Тоқаев жас дін көшбасшыларына үндеу жолдады

Елордада Тәуелсіздік сарайында Жас діни лидерлер форумы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына құттықтау жолдады. Оны Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев оқып берді.

Мен осыдан екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынған едім. Форум делегаттары бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады. Қазір осы бағытта бірқатар игі бастама іске асырылып жатыр. Соның бірі - Жас діни лидерлер форумы. Осы аса маңызды іске жас буын өкілдерін жұмылдыру уақыт талабы. Себебі өскелең ұрпақ қашан да жаңашылдық пен жасампаздықтың жаршысы, - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Түрлі елдерде тұратын жастардың дін саласындағы ынтымақтастығы адамзаттың рухани болашағын айқындауға терең әсер етеді.

Қазір әлемде геосаяси қайшылықтардың салдарынан түрлі сын-қатерлер пайда болды. Осы алмағайып кезеңде халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Ал оған жастардың белсене қатысуы оның жұмысына серпін берері сөзсіз. Қазақтың ұлы ойшылы Абай толық адам туралы айтып кеткен болатын. Бұл тұжырым парасат, пайымы, білімі тоғысқан, бойына рухани құндылықтарды сіңірген адал азамат деген ұғыммен үндес. Сондықтан жастарды толық адам болуға ұмтылып, әлемнің дамуына үлес қосуға шақырамын, - деп айтып, Президент форум жұмысына сәттілік тіледі.

Жас діни лидерлер форумы алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын еске сала кетейік.

Форумның мақсаты әртүрлі конфессиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, жас ғалымдар мен саясаткерлердің жас өкілдерін қазіргі заманғы өзекті мәселелердің шешімдерін іздеуге, сондай-ақ дінаралық және мәдениетаралық диалог және рухани дипломатия дәстүрлері сабақтастығын қамтамасыз ету және сақтауға кеңінен тартуға бағытталған.

Еске сала кетейік, 8 қазанда Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі XXІІ Хатшылығының отырысы өткен болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы