Тоқаев Жақанов пен Шармановты «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапаттады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Наурыз мейрамына орай мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі кезінде Ілия Жақанов пен Төрегелді Шармановты «Қазақстанның Еңбек ері» атағымен марапаттады.
Халқымыз «ер еңбегімен қадірлі» деп бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар. Мен Наурыз мерекесі қарсаңында бір топ қайраткерімізге мемлекеттік наградаларды тапсыру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл іс-шараны осы мейрамға орай өткізуді игі дәстүрге айналдырамыз, - деді ол.
Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ең жоғарғы атағы аса құрметті композитор, жазушы, өнертанушы Ілия Жақановқа табыс етілді.
Ілия Жақанов – қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы. Оның әуезді әндері, әдеби туындылары және зерделі зерттеулері ұлт руханиятына қосылған құнды қазына. Ол халқымыздың рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін «Қазақстанның Еңбек ері» атанды, - деп айтты Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар еліміздің Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болды.
Академик-дәрігер ұлт саулығының сақталуына, салауатты өмір салтын дәріптеуге айрықша үлес қосып келе жатыр. Әсіресе індет кезінде жұртқа қажетті мағлұматты беріп, елдің амандығына тілеулес болды. Абыз ақсақал ретінде ұрпаққа шынайы жанашырлығын танытты. Оның медицина саласына сіңірген еңбегі елімізде ғана емес, дүниежүзілік деңгейде жоғары бағаланады, - деп атап өтті Тоқаев.