Тоқаев жаңа сессияда жұмыс қарқыны жоғары болатынына сенім білдірді
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы басталды.
Баршаңызды кезекті сессияның ашылуымен құттықтаймын! Жауапты қызметтеріңізге табыс тілеймін! Көктемдегі сайлаудан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттар құрамы айтарлықтай өзгерді. Саяси партиялардың фракциялары, бір мандатты округтан сайланған депутаттар да жұмысқа белсене кірісті. Олар көптеген заң жобасына бастамашылық етіп, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады. Депутаттарымыз жазда да көп жұмыс атқарды, - деді Президент.
Оның сөзінше, депутаттар екі айда 1 200-ден астам елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесті, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Мен баршаңызға табысты қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа сессияда жұмыс қарқыны бұдан да жоғары болады деп ойлаймын, - деп айтты Тоқаев.