Мемлекет басшысы жаһандық өзгерістер аясында ЕАЭО әлеуетін нығайтуға шақырды
Елордада ЖИ тақырыбына арналған V Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында геосаяси бәсекелестік жағдайында Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумды ашқан Президент ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына, бақылаушы елдердің лидерлеріне және қонақтарға қатысқандары үшін алғыс айтып, аталған алаңды еуразиялық интеграция мәселелері бойынша кәсіби диалогтың тиімді тетігі деп атады.
Еуразиялық экономикалық одақ - жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, сонымен қатар жаһандық экономиканың маңызды субъектісі. Бұрын-соңды болмаған геосаяси бәсекелестік жағдайында мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимылдың арқасында экономикаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалды. Қазір біздің алдымызда Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін одан әрі нығайту және серпінді дамыту міндеті тұр, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, геосаяси бәсекелестікке қарамастан, одаққа мүше елдер экономикалық тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті сақтай алды. Дегенмен қазіргі кезеңде ЕАЭО алдында әлеуетті одан әрі арттыру міндеті тұр.
Президент жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде бұл технология әлемдік экономиканың негізгі факторларының біріне айналған.
Goldman Sachs секілді халықаралық сарапшылар алдағы онжылдықтарда жасанды интеллектіні қолдану нәтижесінде әлемдік жалпы ішкі өнім шамамен 7 триллион долларға өседі деп болжап отыр. Бұл жаңа технологиялық құрылымның қалыптасуына алып келеді және өз кезегінде экономиканың барлық секторындағы жұмыспен қамту құрылымын түбегейлі өзгертеді, - деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық валюта қорының болжамдарына сілтеме жасап, жасанды интеллектіні енгізу әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 40 пайызына әсер етуі мүмкін екенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл миллиондаған адамды қайта даярлау мен білім беру жүйесін жаңғыртуды талап етеді.