Тоқаев: Заң алдында азаматтардың бәрі тең
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты 3 қаңтар күні "Ана тілі" газетіне шыққан болатын. Сұхбат барысында заң мен тәртіп қағидасына да ерекше тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Сіз Әділетті Қазақстанды құрып жатқаныңызды айттыңыз. Жалпы, әділдік дегенді қалай түсінесіз? Реформалардың түпкі мән-мағынасы неде деп ойлайсыз? Әділетті Қазақстан дегеніміз бәрін әлеуметтік тұрғыдан теңестіру ме, әлде әділ бәсекеге жол ашу ма?" деген сауалға Қасым-Жомарт Тоқаев келесідей жауап берген еді:
Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде баз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы. Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе? - деді президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң мен тәртіп қағидасына қатысты айтқанадары бірнеше маңызды аспектілерді қамтиды. Президент қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бұл қағида мемлекеттік басқару мен қоғам арасындағы тиімді байланысты нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Заң мен тәртіп қағидасына қатысты материалдың толық нұсқасын видеодан көре аласыздар.