Тоқаев волонтерлерге үн қатты: Ең пайдалы ұсыныстарды іске асыруға тапсырма беремін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында сөз сөйлеп, еріктілердің ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президент форумға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған еріктілерді Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп бағалады. Оның айтуынша, еріктілік – тек көмек көрсету ғана емес, қоғамға үлгі болу, Отанға адал қызмет ету және туған жерге жанашырлық таныту.
Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл бүкіл әлемде Халықаралық еріктілер жылы аталып өтетінін еске салып, бұл бастаманы өзі Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-сессиясында көтергенін атап өтті. Қазақстанның ұсынысы халықаралық деңгейде қолдау тапқан.
Президент еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп атап, олардың ниеті түзу, жаны таза жандар екенін айтты. Сондай-ақ форум барысында айтылған ұсыныстардың басым бөлігін қолдайтынын жеткізді.
Ұтымды ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөз соңында барша еріктілерге шынайы алғысын білдіріп, ел дамуына қосып отырған елеулі үлесі үшін ризашылығын айтты.