Тоқаев ұшақ апатына байланысты Путинге көңіл айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Амур облысындағы ұшақ апатына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Айта кетейік, Благовещенск–Тында бағыты бойынша ұшып бара жатып жоғалып кеткен Ан-24 жолаушы ұшағының қалдықтары Тында қаласынан 15 шақырым жердегі Кувыкта елді мекені маңынан табылған.
Telegram-арнаның хабарлауынша, ұшақтың фюзеляжы қираған және жанып жатыр. Әзірше тірі қалғандар туралы ақпарат жоқ.
Ұшақ бортында 48 адам болған. Олардың ішінде бес бала, төрт экипаж мүшесі және әуе компаниясының екі қызметкері бар.
Ұшақ "Ангара" әуе компаниясына тиесілі. Ол Благовещенск қаласынан жергілікті уақытпен сағат 11:00-де ұшқан.
Тында қаласына қону кезінде екінші айналымға кетіп, байланысқа шықпай қалған.
Бұған дейін апатты жағдайда іске қосылуы тиіс радиомаяктардың істемей қалғаны туралы хабарланған еді. Бұл іздестіру жұмыстарын қиындатқан. Апатқа байланысты ұшу қауіпсіздігі ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске салайық, Ресейде жолаушылары бар ұшақ құлап, қалдықтары жанып жатқаны хабарланған.