Тоқаев үш жылда тау-кен саласында үш кәсіпорын ашуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, бұл бағытта соңғы бес жылда бірқатар жетістік бар деп айтуға болады.
Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтады. Ал, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,4 пайызға жетті. Былтырдың өзінде 163 жаңа өндіріс іске қосылды. Соның нәтижесінде 12,5 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Мысалы, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау және металлургия саласындағы ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда әртүрлі автокөліктер шығаратын Қазақстандағы ең үлкен өндіріс орны жұмысын бастады. Бірақ бұл, әрине, жеткіліксіз, - деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар ол экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керектігін алға тартты. Ол үшін ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуге тиіс.
Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Қолдау шарасын ұстанымдары мен талаптары әртүрлі институттар жүзеге асырады. Мұндай ахуал кәсіпкерлерді әбден шатастырады. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек. Тау-кен металлургиясы қашан да Қазақстанның жаңа индустриалды қалыбының сенімді тірегі болып келеді. Оның ел экономикасындағы үлесі – 8 пайыз, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қоса Президент саланың даму әлеуеті зор деп атады. Әсіресе, терең өңделетін өнімдерді шығаруға мол мүмкіндігі бар.
Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Біз алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз. Сондай-ақ Үкімет көмірсутегі шикізатын терең өңдейтін бірқатар озық жобаны жүзеге асыруы қажет, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар елде іске қосылған кешендерге тоқталды.
Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды. Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеуге арналған жоба қолға алынды. Осы кәсіпорындардың дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз ету керек. Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан бұл мәселені де шешу жолдарын табуымыз керек, инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн. Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет, - деді Президент.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев екі АЭС-тің құрылысын қазірден жоспарлау керегін айтты.