Тоқаев ҰҚШҰ әскерінің Қаңтар оқиғасы кезінде көмекке келгеніне қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Ресейлік журналист Андрей Кондрашовпен сұхбаттасу барысында Президент ҰҚШҰ, ЕАЭО, ШЫҰ ұйымдарына мүшелік туралы пікірін ортаға салды.
Мен бұл ұйымдар, интеграциялық бірлестіктер ілгерілмелі дамып жатыр деп ойлаймын, бұл қалыпты жағдай. Қазақстан осы интеграциялық бірлестіктерде өз қызметіне шынайы берілген. Қазақстан «салқындап» кетті немесе ЕАЭО, ҰҚШҰ-дан шыққалы жатыр екен деген әңгімелердің барлығы шындыққа жанаспайды. ҰҚШҰ-ға қатысты айтар болсам, Мәскеуде сөз сөйлеген кезімде 30 жылда алғаш рет ҰҚШҰ Қазақстанға шектеулі контингентті жібере отырып, өзін көрсеткендігі туралы айттым. Атап айтар болсам, Ресей емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы. Ресейде кейбір тұлғалар Ресей Қазақстанды «құтқарды», енді Қазақстан өмір бойы Ресейге «қызмет етуі тиіс» дегенді айтып, жағдайға жаңсақ пікір айтады. Бұл шындыққа жанаспайтын, дәйексіз пікірлер деп есептеймін, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтуынша, Қазақстан – ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі.
Бұрын бұл ұйым саммиттер өткізіп, декларацияларға, өтініштерге қол қоюмен айналысты. Яғни ұйым өзін барынша тиімді жағынан көрсетті. Бір жағынан, осы бүкіл жағдайды саясиландыруға, оның үстіне, өсек-аяң қиялдарды айтуға болмайды. Біз әу бастан контингент күштік әрекеттерге қатыспайды деп келістік. Шынымен де, ҰҚШҰ-ның шектеулі контингенті тарапынан бірде-бір оқ атылған жоқ, олар бұл жерде 10 күннен артық уақыт болмады. Бұл сол қиын-қыстау кезеңде бірлігімізді көрсету еді, - дейді Президент.
Сонымен қатар ЕАЭО да өте маңызды ұйым деп есептейтінін жасырмады.
Мен Бішкекте экономикалық форумның отырысында интеграция туралы пікірімді айтқан едім. Өзара ымыраны талап ететін өте күрделі еңбек екендігін атап өттім. Әр мемлекет өз позициясында тұруы қажет деп есептейді. Бұл қалыпты нәрсе. Егер қандай да бір мемлекет үнемі басқаға жолын берсе, ол елдің экономикасы ақсайды, азаматтарда: «бұл интеграцияның пайдасы не?!» деген сұрақ туындайды. Ондай сұрақтар ашығын айтқанда, кейде біздің елде де болады. Сондықтан біздің Еуразиялық экономика одақтағы өкілдеріміз біздің қызығушылығымызды қорғайды немесе кез келген жағдайда әріптестердің арасында оны түсіндіреді. Кейде дауласулар болады, бірақ оны әсірелеудің қажеті қанша. Бұл халықаралық ұйым үшін қалыпты нәрсе. Ең соғында біз мемлекеттеріміздің игілігі үшін пайдалы да қажетті шешімдерді қабылдаймыз деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.