Тоқаев Ұлытау әкіміне жаңа міндеттер жүктеді: Өңірді дамытуда не өзгереді?
Президент Ұлытау облысының даму жоспарын тыңдап, инвестиция, инфрақұрылым және халықтың тұрмыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар берді. Не өзгермек?
Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Есет Байкенді қабылдады.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Президентке Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар жөнінде баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп әлеуетін көтеру, инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғындарға сапалы әлеуметтік қызмет көрсету жұмыстары туралы мәлімет берілді, - делінген Ақорданың хабарламасында.
Сондай-ақ басым жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы облыстың орнықты дамуын қамтамасыз етуге, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Еске салсақ, бүгін Президент Атырау облысының жаңа әкімі Болат Ақшолақовты да қабылдап, бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер туралы баяндалды.