Тоқаев: Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет

Мемлекет басшысы Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте мәлімдеді.

Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым. Ұлттық қор – бұл біздің болашақ ұрпағымыздың қаржысы. Ол ресурсты аса қажет жағдайларда, дағдарыс кезеңінде ғана қолдану керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институты мен жан басына қаржыландыру институтын әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция тарту үшін толықтай қолданған жөн, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент былтыр желтоқсанда МЖӘ-нің жаңа үлгісін енгізуге бағытталған заңнамалық түзетулерге қол қойғанына тоқталды.

Жекеменшік әріптестерді іріктеу процедурасының әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылданды. Квазимемлекеттік кәсіпорынның қатысуы шектелді. Сол арқылы мемлекеттік жобаларды іске асыруға бизнесті тарту үшін жағдай жасалды. Бұл құрал жаңа ұлттық жобаларды іске асыру кезінде барынша қолданылуы тиіс. Үкімет әлеумиеттік салада МЖӘ-нің Кешенді бағдарламасын даярлауды тапсырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент сөзден іске көшетін уақыттың келгенін айтып, айлықтың жартысы азық-түлікке кететінін айтқан еді. Сонымен қатар, Президент мемлекеттің өнім өңдеуге беретін субсидиясын басқа мақсатқа қолданатындарды сынға алған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: abai.kz
Өзгелердің жаңалығы