Тоқаев ұлттық компаниялар басшылығы жөнінде: "Не істерін білмей отырады"

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге сапалы инвестиция тарту үшін біртұтас стратегия қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады, - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ол "Бәйтерек" инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылғанын еске салды.

Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс. "Самұрық-Қазына" қорына да дәл осындай талап қойылады, - дейді Тоқаев.

Президент "Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болғанын айтады.

Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "Сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды, - деді Тоқаев.

Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Президент денсаулық сақтау мен білім саласындағы алаяқтықты қатаң сынға алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы