Тоқаев Үкіметке: Шеберліктеріңізді көрсетіңіздер

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шеберліктерін көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сапалы цифрлық даму үдерісін жеке сектормен тығыз байланыста қараған жөн. Үкімет бизнес саласына цифрлық тәсілдерді белсенді түрде енгізуге мүмкіндік беретін арнайы қолдау шараларын әзірлеуге тиіс.

Қазір мемлекет көрсететін қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік базаларды өзара кіріктіру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі мәліметтерді басқару ісінің сапасын жақсарта алмай отыр. Әзірге оң өзгерістер көрінбейді. Бірыңғай стандарт енгізіп, мәліметтерді мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде басқаруға көшу өте маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, сондай-ақ Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін мемлекеттік мәліметтерді басқарудың біртұтас жүйесін құруды тапсырды. 

Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді. Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді, - деді ол.

Президент цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс екенін айтты.

Үкіметке бірыңғай цифрлық платформаға көшуге тура келеді. Бұл – маңызды міндет. Бұған дейін ведомстволардың бәрі цифрландырумен ешқандай бақылаусыз, өз бетінше айналысып келді. Бұл техникалық проблемаларды көбейтіп қоймай, қазына қаржысын оңды-солды шашуға әкеп соқты, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуына қарағанда, Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Тоқаев мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес екенін ашып айтты. 

Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет бюджеттен қыруар қаражат шығындамай, тапсырманы орындаудың жоспарын ұсынуға тиіс, - деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы