Тоқаев Түркияға Транскаспий дәлізін дамыту бойынша ұсыныс жасады
Ақордада Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған екі мемлекеттегі және жаһандағы мәселелер бойынша ой алмасты.
Бүгінгі таңда Түркия саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жолында орасан зор табысқа жетті. Өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша белсенді әрі табанды саясат ұстанып келеді. Соның арқасында әлемдік саясатта абырой-беделі жоғары мемлекет болып отыр, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Ердоғанға қазақ-түрік арасындағы ынтымақтастық аясы кеңейе түсуіне зор үлес қоса беретініне сенім білдірді.
Сізбен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты сондай-ақ маңызды халықаралық мәселелерді талқыладық. Ықпалдастықтың басым бағыттарына тың серпін беруге келістік. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқанын атап өттік, - деді Президент.
Мемлекет басышысының айтуынша, алдыда тұрған мақсат екі мемлекеттің сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізу.
Анкара соңғы 15 жылда Қазақстанға 4, 35 млрд доллар инвестиция құйды. Ал біздің еліміз Түркияға 1,13 млрд доллар қаржы салды. Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында тұр. Жалпы, екіжақты сауда-саттық әлеуетін арттыру жолында транзиттік тасымал бағыттары маңызды рөл атқарады. Біз тасымал шығынын азайтып, жеткізу мерзімін қысқарту үшін Транскаспий дәлізін дамытуға шақырамыз. Бұл мәселе бойынша бүгін біз пікір алмастық. Көзқарасымыз бірдей, - деді мәлімдеді Мемлекет басшысы.