28 Қазан 2026, 23:24 Фото: Ақорда

Тоқаев: Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін жеткізді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның келіссөзі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің Республика күні қарсаңында өтіп жатқан кездесудің терең символдық мәні бар екенін атап өтіп, Түркия Президенті мен барша түрік халқын ұлық мерекемен құттықтады.

– Сіздің парасатты басшылығыңыздың әрі көреген саясатыңыздың арқасында Түркия ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Еліңіз саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Түркияның абырой-беделі жылдан жылға арта түсуде. Біз Өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз. Сіздің ашық әрі батыл ұстанымыңыз, бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігеріңіз жаһандық деңгейде мойындалып отыр. Түрік халқының мәртебесі алдағы уақытта да асқақтай береді деп сенемін. Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін жеткізді.

– Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Режеп Тайип Ердоғанның биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары жемісті өтіп, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілген.

Сапар аясында Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта екі ел сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың мәңгілік достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

– Серіктестігімізді одан әрі дамыту бәріміздің мүддемізге сай келеді. Ертең Өзіңізбен бірге Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысамыз. Жақын арада Анталияда СОР31 климаттық форумы өтеді. Мен осы беделді басқосуға қатысуды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі екіжақты және көпжақты байланысымызды дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.