Тоқаев Түркістандағы Woosong университетінің негізін қалаушысымен кездесті
Мемлекет басшысы Woosong білім беру қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнгты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда Woosong университетінің әлемдік білім беру талаптарына сай келетін филиалын ашқаны үшін Ким Сонг Кёнгке ризашылығын білдірді.
Президент филиалдың ашылуы білім беру ғана емес, Қазақстан мен Оңтүстік Корея халықтарын мәдени жақындастыру тұрғысынан ерекше мәнге ие жоба екенін атап өтті, - делінген хабарламада.
Ким Сонг Кёнг Азияға, сондай-ақ әлемге белгілі білім және ғылым үздіктерінің бірі саналатын Woosong University Қазақстанның зияткерлік әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Әңгімелесу барысында адам капиталын дамыту, білім беру сапасын арттыру, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларында біліктілігі жоғары инженерлер, сұранысқа ие мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Queen’s University Belfast президенті және вице-канцлері Иан Грирді қабылдады.
Қазақстан Президенті Ұлыбританияның жетекші ғылыми-зерттеу университетіне еліміз айтарлықтай қызығушылық танытатынын, бұл байланыс аясында білім берумен бірге ғылыми-зерттеу қызметіне ден қою көзделгенін айтты.
Кездесуде түрлі сала, соның ішінде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау мәселесі талқыланды.