Тоқаев түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елдеріміздің ІТ-саласындағы қарым-қатынасын жандандырған жөн. Соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Түркі елдерінің IT-саласына қатысты тың тәсілдер әзірлеуі айрықша маңызды. Бұл біздің цифрлық дамуымызға жол ашады, - деді Президент.
Жуырда Астанада «Digital Bridge» атты халықаралық іс-шара өтті.
Онда ІТ-саласында жұмыс істейтін креативті жастарымыз бас қосып, бастамалары мен озық идеяларын ұсынды. Сондай-ақ, мемлекеттеріміздің IT-хабтары арасындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды, - деді ол.
Президент Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды.
Осы ретте, мен Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді. Оған қол жеткізу үшін Түркі елдерінің Венчурлық қорын құрған жөн деп санаймын. Сол арқылы маңызды старт-ап жобаларға инвестиция тартуға жол ашылады, - деді Тоқаев.