Тоқаев Түрікменстан президентімен келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы шетелдік әріптесін қарсы алып, Түрікменстан Қазақстан үшін бауырлас мемлекет екенін айтты.
Еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес, бауырлас мемлекет, ең жақын шекаралас көрші санайды. Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Бүгін олардың шешімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын, – деді Тоқаев Ақордада.
Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов өз сөзінде ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғанына ризашылық білдірді.
Қазақ жерінде көрсеткен қонақжайлығыңыз бен сый-құрметіңіз үшін өзімнің және делегация атынан алғыс айтамын. Сондай-ақ сізге түрікмен халқының ұлт көшбасшысы, құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды, – деп айтты Түрікменстан Президенті.