Тоқаев Түрікменстан басшысына табыс тіледі
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында қандай тақырыптар талқыланады? - деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қонақжай Қазақстан жеріне қош келдіңіздер. Ең алдымен, Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы аясындағы бастамаларын қолдап, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бүгін Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан Президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов отырысқа алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысын ашық деп жариялады.
Құрметті әріптестер! Гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылып отыр, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
СІМ өкілі Айбек Смадияров 15 қазанда Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың Қазақстандағы алғашқы мемлекеттік сапары өтетінін хабарлаған еді.
Сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толатын жылы өтуде. Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ Қазақстан-Түркіменстан стратегиялық әріптестігін нығайтуға бағытталған, - деді Айбек Смадияров журналистерге арналған брифингте.