Бүгiн 2026, 13:21 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтірді: Берлинге ту тіккен батырға "Халық қаһарманы" атағы берілді

Президент армияны күшейту, әскери білім сапасын арттыру және тарихи әділдікті қалпына келтіру туралы маңызды мәлімдемелер жасады.

Президент мемлекеттік марапаттар мен әскери шендер тапсыру рәсімінде сөз сөйлеп, Қазақстан армиясын нығайту мен әскери қызметтің беделін арттыру мемлекет үшін негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнімен құттықтап, қауіпсіздік мәселесі әрдайым басты назарда екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары әскери қызметкерлерге, құқық қорғау және арнаулы орган өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылып, жалақы көлемі кезең-кезеңімен өсіп жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік жеңілдіктер де кеңейтілген.

Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жастарды күштік құрылымдарға тарту және кадрлық әлеуетті нығайту мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әскери оқу орындарының үздік түлектеріне оқуды аяқтаған бойда «аға лейтенант» шенін беру мәселесі Парламентте қарастырылып жатыр.

Президент қоғамда жалған батырларды емес, елге адал қызмет еткен нағыз қаһармандарды дәріптеу маңызды екенін айтты. Осы ретте қаза тапқан әскери қызметкерлер мен полицейлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.

Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, жастарды шынайы патриотизмге тәрбиелеу, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясы батыр бабалардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқанын айтты. 

Сондай-ақ Президент Ұлы Отан соғысы ардагері Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жауынгер Берлиндегі Ратуша ғимаратына Жеңіс туын тіккендердің қатарында болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кенжебай Мәденовке Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлығы мен батылдығы үшін «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.

Осылайша, біз тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз, – деді Президент.

Кенжебай Мәденұлы Мәденов 

1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақтан облысы Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округі Ақтай-сай ауылында туған.

1950-1974 жылдар аралығында Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарындағы ҚазКСР МҚК органдарында қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері. 1974 жылы 26 желтоқсанда дүниеден өткен.

К.М. Мәденов 1944 жылы 19 жасында 266-атқыштар дивизиясы 1008-полкі 2-батальоны 5-ротасының взвод командирі болып тағайындалған.

1945 жылы 29 сәуірде К.М. Мәденов Берлин шайқасында қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, Берлин операциясы кезінде қаланың Рейхстагтан кейінгі маңызды әкімшілік орталығы – Ратуша ғимаратының төбесіне Қызыл Туды орнату К.М. Мәденов басқарған взводқа тапсырылып, ол бұйрықты ерлікпен орындайды. Бұл Кеңес әскеріне рух беріп, шабуылдың қарқынды жалғасуына ықпал етеді.

К.М. Мәденов бастаған жауынгерлердің осы ерлігі Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуковтың «Естеліктер мен толғаныстар», 5-екпінді армияның Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-лейтенант Ф.Е. Боковтың «Жеңіс көктемі», 1948 жылы КСРО Қарулы Күштері министрлігінің баспасы шығарған «Берлинді алу» (Штурм Берлина) кітаптарында суреттелген.

«Қазақстан коммунисі» журналының 1970 жылы 6 маусымдағы нөмірінде Ратуша үшін болған шайқас жайында К.М. Мәденовтің өзі де жазған.

Оның есімі мектеп оқушыларына арналған 1985, 1993 және 2004 жылдары жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулықтарына енді. Сондай-ақ К.М. Мәденовтің ерлігін Клаус Похе және Ганс Олива атты германиялық журналистер «Соғыс аяқталған түн» деген еңбектеріне арқау еткен.

Батырдың құрметіне 2001 жылдың желтоқсанында Атырау облысы бойынша ҰҚКД ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.

Ал 2005 жылы Атырау қаласында Кенжебай Мәденовтің атына көше берілді.