19 Қараша 2026, 16:08 Фото: Ақорда

Тоқаев: Су қауіпсіздігі – Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығының кепілі

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен әріптестік орнатуға қашанда дайын екенін айтты.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыстың бастапқы кезеңі аяқталды. Қажетті инфрақұрылым жасалды, серіктестік келісімдер ресми түрде ресімделді және көп ұзамай шетелдік университеттердің филиалдары жұмысқа толық кіріседі. Ендігі қадам – экономикамызға қажетті бірлескен зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар әзірлеу және нақты шешімдер енгізу арқылы ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыту, – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы ықпалдастықтың басым бағыттарына тоқталды.

– Әуелгі кезекте – су қауіпсіздігі. Бұл – Орталық Азия үшін экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі. Тіпті мұны тіршілік үшін күрес мәселесі дер едім. Трансшекаралық өзендерді басқару, заманауи мониторинг жүйесін құру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ғылыми тұрғыдан негізделген су дипломатиясын дамыту түрлі елдердің сарапшылық әлеуетін біріктіруді қажет етеді. Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің тәжірибесі мен мүмкіндіктеріне арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Президент ғылыми идеяларды нақты технологияға айналдыра алатын елдер ғана табысқа жететінін айтты.