Тоқаев STADA Group компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен кездесті
Кездесу барысында денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев STADA компаниясы денсаулыққа қажетті тұтыну тауарлары сегментінде Қазақстан нарығындағы көшбасшылардың үштігіне кіретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, Алматы қаласында компания кеңсесінің ашылуы – табысты және қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықтың айқын дәлелі.
Мемлекет басшысы Қазақстанда биотехнологиялық кластер құру жұмысы белсенді жүргізіліп жатқанына назар аударды.
Президенттің пікірінше, QazBioPharm ұлттық холдингімен ғылыми-зерттеу және өндіріс саласында бірлесе жұмыс істеу үшін STADA компаниясына зор мүмкіндік ашылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық компанияны бірлескен зерттеулер жүргізіп, әзірлемелер дайындауға, өндірісті ұйымдастыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға және мамандардың біліктілігін арттыруға шақырды.
Өз кезегінде Кристос Галлис ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып, компанияның Қазақстандағы медициналық жобалар мен бағдарламаларға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін атап өтті.
STADA – жоғары сапалы дәрі-дәрмек өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Компания өз өнімдерін әлемнің 120 елінде сатады.