Тоқаев: Соңғы жылдары «Орталық Азия +» форматы аясындағы ынтымақтастық жандана түсті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіне қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты бізге өңірдің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта аталған игі міндеттерді орындаудың өзара оңтайлы формуласы бекітілген деп ойлаймын. Бүгінде біздің басты міндетіміз – осы құжаттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Бұл Шарт мемлекеттеріміздің кемеліне келгеніне және өз аймағымыздың тағдырын дербес анықтауға дайын екеніне айқын саяси дәлел болады, - деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол, соңғы жылдары «Орталық Азия +» форматы аясындағы ынтымақтастық айтарлықтай жандана түскенін айтып өтті.
Аталған форматтар барынша тиімді болуы үшін ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, олардың сапалы мазмұнын бірлесе байыта түсуіміз қажет. Біздің ойымызша, ортақ немесе барынша ұқсас ұстанымға келіп, әлемдік қоғамдастыққа ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсету маңызды, - деді Тоқаев.
Ол әлемдегі тәртіп тез өзгеріп, біздің өңірдің тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңызы арта түскенінде тілге тиек етті.
Құрметті президенттер, аталған маңызды салада тұрақты консультациялар механизмін іске қосу жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау білдіргендеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын, - деді Тоқаев.