Тоқаев Siemens Energy компаниясының басқарма төрағасымен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Siemens Energy компаниясының басқарма төрағасы Кристиан Брухпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде энергетика секторындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы аталған секторды экономиканың іргетасы ретінде бағалап, Қазақстан энергетиканың қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне қатысты мәселелермен белсенді айналысатынын айтты.
Сонымен қатар кездесу барысында Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Siemens Energy компаниясы арасында қол қойылған Энергетика саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумның маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат компанияның еліміздегі энергетика және декарбонизация салаларындағы ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігін көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда газтурбиналы электростанциялар салу ынтымақтастықтың маңызды бағыты екеніне назар аударды.
Компания электр қуатын өндіретін жобаларға (Түркістан бу-газ қондырғысы, Алматы жылу электр орталығы) құрал-жабдық жеткізуге дайын.
Сонымен қатар Кристиан Брух Мемлекет басшысына Siemens Energy компаниясы Қазақстанның электр желілерін жаңғыртуға қатысты жоба әзірлеп, оны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.