Тоқаев Си Цзиньпинді Ақордада қарсы алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚХР басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу үшін Ақордаға келді.
Ол Қазақстанда мемлекеттік сапармен және ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысу үшін келді.
Резиденцияға екі ел министрлер кабинетінің мүшелері жиналған.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды.
Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеді.
Қарауыл бастығы екі ел президенттеріне сәлемдік баянат берді.
Кейін Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Одан кейін президенттер отырыс залына қарай бағыттады.
Еске сала кетейік, бұл Қытай көшбасшысының Қазақстанға жасаған бесінші сапары.
4 шілдеде елордада Тәуелсіздік сарайында ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы өтеді.
Саммитке 16 елдің, атап айтқанда, Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түрікменстанның мемлекет және үкімет басшылары қатысады.
Сондай-ақ саммитке ШЫҰ Бас хатшысы мен ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымының атқарушы директоры қатысады. Оған БҰҰ Бас хатшысы мен ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ХОСБ және ЕЭК сияқты халықаралық ұйымдардың басшылары, бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктестер басшылары қатысады деп күтіліп отыр.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен саяси мәселелердің кең ауқымын қарастырады. Сонымен қатар Астанада өтетін саммитте Беларусьтің Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіруі туралы шешім қабылданады.
Бұған дейін Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР Төрағасын әуежайда қарсы алғаны туралы хабарлаған болатынбыз.