Бүгiн 2026, 12:55 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Тоқаев Шаққалиевті қабылдады: Сауда ЖІӨ-нің 19%-ын құрап, айналым 80 трлн теңгеден асты

Кездесу барысында Президентке сауда саласының қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттары туралы есеп берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Президентке сауда саласының қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттары туралы есеп берілді.

Министрдің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің шамамен 19 пайызы сауда-саттыққа тиесілі. Бұл көрсеткіш саланың ел экономикасындағы маңызын айқындай түседі.

Сонымен қатар, аталған секторға 1,2 триллион теңге инвестиция тартылған. Ал тауар айналымы 8,9 пайызға өсіп, 80,3 триллион теңгеге жеткен.

Арман Шаққалиев электронды сауданың дамуына да тоқталды. Былтыр бұл бағыттағы сауда көлемі 3,9 триллион теңгені құрап, бөлшек сауданың 15 пайызына тең болған.

Бүгінде елімізде 10 логистикалық орталықтан тұратын жүйе қалыптасқан. Бұдан бөлек, Астана мен Алматы қалаларында екі ірі фулфилмент-орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Министр экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Жаһандық экономикалық қиындықтарға қарамастан, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 41 миллиард долларға жеткен.

Экспорттаушыларды қолдау шаралары да кеңейтілген. Атап айтқанда, сақтандыру сомасының ең жоғары мөлшері 1,2 триллион теңгеге дейін ұлғайтылып, қолдау тетіктері екі есеге артқан.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы жұмыстар туралы баяндалды. Одақ құрылғаннан бері 70 сауда кедергісінің 69-ы жойылған. Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан кәсіпорындары үшін бірқатар маңызды жеңілдіктерге қол жеткізілген. Атап айтқанда, кейбір тауар түрлерін демпингке қарсы баж салығын төлемей экспорттау және квоталар алу мүмкіндігі қарастырылған, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент ведомствоға бірқатар нақты міндет жүктеді. Атап айтқанда, заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірісті дамытуға қолайлы жағдай жасау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, экспорттық әлеуетті күшейту және елдің экономикалық мүдделерін ілгерілету тапсырылды.