Тоқаев Шахтер ауылындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Нұра ауданы Шахтер ауылындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені таныстырылды.
Мұнда волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, қазақ күресі секциялары және жаттығу залы бар. Кешенде Мұзбел, Егінді және Байтуған ауылдарының балалары да спортпен шұғылданады.
Президент жүзу бассейнін және жақында жөндеуден өткен жергілікті Мәдениет үйін аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында түрлі жобаларды жүзеге асыруға үлес қосқанын атап өтті.
Сондай-ақ оның ауданда спортты, мәдениетті және өнерді дамытуға қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты.
Мемлекет басшысы Шахтер ауылының Үрмелі аспаптар халық оркестрінің ұжымымен әңгімелесіп, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Президент өңірлерде спорт және мәдениет жобаларын іске асыру маңызды екеніне назар аударды.