Тоқаев: Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бестігіне кіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінен кейін өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың барлық дерлік аспектісі қозғалғанын айтты.
Келіссөздер барысында экономикаға, инвестициялық салаға және негізгі халықаралық проблемаларға қатысты мәселелерді қозғадық. Ашық және құпия түрде біз ағымдағы Қазақстан-Ресей күн тәртібіндегі негізгі тақырыптарды талқыладық. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстардың жоғары табысты дамып келе жатқанын да атап өттік. Өзара тиімді ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін ескере отырып, біз саяси, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге бірлесе ұмтылатынымызға келістік, - дейді Президент.

Сондай-ақ Тоқаевтың айтуынша, мемлекет басшылары өзара сауданың оң динамикасын сақтауға келісті.

Карантиндік шараларға қарамастан, былтыр ең жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтқанда, сауда көлемі 21 млрд доллардан асты. Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бестігіне кіреді. Олардың салымының жалпы көлемі 17 млрд доллардан асты. Ресей шетелдік капиталдың қатысуымен кәсіпорындар саны бойынша Қазақстанда көш бастап тұр, - деді ол.

Сөзінше, олардың әрбір үштен бірі ресейлік компаниялардың қатысуымен құрылды, олардың жиынтық инвестициялық портфелі барлық саладан тұрады. 

Біз өндірістік кооперацияны кеңейту перспективаларын егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл бағытта біздің елдеріміз қазірдің өзінде 13 ірі жобаны аяқтады, құны 2,5 миллиард доллардан асатын сегіз жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Жалпы инвестиция көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын тағы 11 жоба пысықталып жатыр, - деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы