Тоқаев: "Қытайдың ЖИ саласында жаһандық ұйым құру бастамасын қолдаймыз"

Президент цифрландыру саласындағы Қытайдың жетістіктері бүкіл әлемге белгілі екенін атап өтіп, осы бағытта тығыз байланыста жұмыс істеуге ниет білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артпақ.

Біз Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдаймыз. Бұл мәселе бойынша мен кеше тарихи шаһар Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде ашық түрде мәлімдеме жасадым. Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу үшін ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Биыл Қазақстанда аймақтағы алғашқы Суперкомпьютер іске қосылды. Сондай-ақ AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда, біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгін China State Construction Engineering Corporation компаниясы қазақ тарапымен тиісті келісімге қол қояды. Біз оны толық қолдаймыз. Құрылысты тез арада бастау қажет деп ойлаймын. Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаржы секторындағы қазақ-қытай іскерлік байланысын нығайтуға шақырды.

– "Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстандағы тартымды инвестициялық ортаның берік негізі саналады. Бұл орталықта көптеген елдің 4 200-ден астам компаниясы жұмыс істеп жатыр, солардың қатарында 850 қытай компаниясы бар. Қазақстан даму банкі Қытайдың жетекші қаржы институттарымен ынтымақтастық аясында еурооблигацияны Қытай юанымен (Dim Sum bonds) орналастыра бастады. Бұл Орталық Азиядағы дәл осындай тұңғыш келісім болды. Осы өте маңызды қадам халықаралық инвесторлардың Қазақстанның қаржы жүйесіне сенімін нығайта түсті, – деді Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ауқымды инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасалғанын, ірі жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.

– Қытай бизнесінің өкілдері елімізден сенімді серіктестер таба алады. Сонымен бірге олар аймақтағы және әлемдегі абырой-беделін күшейтіп, өсіп-өркендеудің жаңа көздерін аша алады. Бұл мәселе Қазақстан Үкіметінің ерекше бақылауында болады. Құрметті қытайлық бизнес өкілдері, Сіздер Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту ісінде өте маңызды рөл атқарасыздар. Бұл қол жеткізген уағдаластықтар экономикалық байланысты күшейтуге ықпал етіп, елдеріміздің стратегиялық серіктестігіне тың серпін бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Себебі бұл мақсат-міндеттер біздің еліміздің ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан тиісті жобаларды іске асыру барысы еліміздің ең жоғары билігінің назарында болады, – деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы