Тоқаев: Құтқару қызметі – өте маңызды сала
Мемлекет басшысы Академия курсанттары алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау – басты міндет әрі қастерлі парыз. Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан, осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды, - деді Мемлекет басшысы.
Ол Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушылар даярлайтын бірден-бір оқу орны екенін атап өтті.
Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді, -деді Мемлекет басшысы.
Жақында Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер деді ол.
Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз,- деді Мемлекет басшысы.