Тоқаев: Қостанайдағы өрттен неге сабақ алмадық?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біріншіден, барлық қажетті тапсырма берілсе де, былтырғы алапат өрттен тиісті қорытынды шығарылмады. Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі, - деді ол.
Оның айтуынша, қауіпсіздік кеңесі бекіткен іс-әрекет алгоритмі болуы керек.
Орман өртенді ме, демек оны дереу сөндіруге кірісу керек. Бірақ техникасы, құрал-жабдығы жоқ орманшыларды қауіпті жағдайда қалдыруға болмайды. Кем дегенде, өртті оқшаулау міндеті қойылуы керек. Бірге жұмыс істеу қажет. Бұл – бүкілхалықтық апат. Роман Васильевич Скляр, айналысыңыз, осы мәселелерді бақылауға алыңыз. Біз жақында ғана Қостанайдағы жағдайды бастан өткердік, неге сабақ алмадық? Өрт – жиі болатын құбылыс. Бүкіл әлемде өрт болып жатыр. Онымен күресе білу керек. Әсіресе, біз ормандар туралы айтып отырмыз. Жалпы, біз ормандарымызға дұрыс қарамаймыз. Бізде олардың көлемі аз. 4 пайызға жетпейтін орман алқабы бар. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын, - деді ол.